Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Альваро Арбелоа Испания чемпионатының 32-турында «Бетиске» қарсы сырт алаңдағы 1:1 есебімен аяқталған матчтан кейін төрешілер бригадасының жұмысына қатаң баға берді, деп хабарлайды BOOKIE.KZ «Чемпионатқа» сілтеме жасап.
Негізгі оқиға екінші таймға қосылған уақытта болды. Үй иелерінің вингері Антони айып алаңында қонақтар қорғаушысы Ферлан Мендидің қолынан тартып, француз футболшысы тепе-теңдігін жоғалтып құлады. Осы сәтте бразилиялық ойыншы допты іліп әкетіп, қақпа алдындағы аймаққа пас шығарды. Доп Антонио Рюдигердің тізесіне тиіп серпілді, кейін оны «Бетис» қорғаушысы Эктор Бельерин қағып алып, гол соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Арбелоа бұл эпизодты Мендиге қарсы айқын ереже бұзу деп санайтынын айтып, төрешілердің фол тіркемегеніне таңданысын жасырмады.
«Мен үшін бұл — [Мендидің үстінен жасалған] анық фол. Мұндай жағдайларда, дене қолданылған кезде, тепе-теңдікті жоғалту үшін көп уақыт қажет емес. Бірақ оны түсіну үшін футболдан аздап хабарың болуы керек. Ал бізде мәселе бар, себебі шешім қабылдайтындар мұны түсінбейді», — деп келтіреді Арбелоаның сөздерін AS.
Бапкер сондай-ақ бірінші таймдағы даулы сәтті еске салды. Ол кезде Браим Диас соққы жасағаннан кейін доп «Бетис» қорғаушысы Рикардо Родригестің айып алаңындағы қолына тиген, алайда бас төреші Сесар Сото Градо мадридтік клубтың пайдасына пенальти белгілемеді.
«[Біз] көптеген басқа жағдайлардағы сияқты, қазір де көңіліміз қалған. Бірінші таймда матчтың тағдырын шешіп кетуге мүмкіндік беретін анық пенальти болды», — деп түйіндеді Арбелоа.
