Фото: Фото: официальный сайт КФФ
Футбол/2026 ж. 29 сәуір

Айыппұлдар мен шеттетулер: ҚФФ КДЭК алғашқы турлар қорытындысын шығарды

Bookie.kz жаңалықтар редакциясы

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті ұлттық жарыстардың алғашқы турларында тіркелген оқиғаларды қарап, шешімдерін жариялады, деп хабарлайды BOOKIE.KZ Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2026 жылғы 22 сәуірде өткен отырыста Freedom QJ League, жасөспірімдер турнирлері, Бірінші лига және Премьер-лига матчтарына қатысты бірқатар тәртіптік шаралар қабылданды.

Freedom QJ League: «Ордабасы» мен «Ақтөбеге» тәртіптік санкциялар

2026 жылғы маусымның Freedom QJ League 1-туры аясындағы «Ордабасы» – «Ақтөбе» кездесуінің қорытындысы бойынша екі клуб та тәртіпсіздік үшін жауапқа тартылды. Ойын барысында әр командадан бес-бес футболшы ескерту алды.

Дисциплинарлық регламенттің (ДР) 48-бабы 1) тармақшасына сәйкес, «Ордабасы» және «Ақтөбе» футбол клубтарына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлдар 2026 жылғы 22 мамырға дейін төленуі тиіс.

U17: «Шахтер» ойыншысы шеттетілді, «Қайсарға» айыппұл салынды

Freedom QJ League U17 1-туры аясындағы «Шахтер» – «Тараз» матчында қарсыласқа қатысты спорттық емес қылық көрсеткен «Шахтер» ойыншысы Данил Терентьев тәртіптік жазаға тартылды.

ДР-дің 44-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, футболшы үш матчқа шеттетілді. Шеттету мерзімі 2026 жылғы 19 сәуірден бастап есептеледі.

Осы турдағы «Қайсар» – «Тобыл» кездесуінде жедел жәрдем көлігінің кеш келуіне байланысты ойынның басталуы алты минутқа кешікті.

ДР-дің 63-бабы 1-тармағына сәйкес, «Қайсар» футбол клубына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Төлем 2026 жылғы 22 мамырға дейін жүргізілуі қажет.

Комитет сондай-ақ «Академия ҚФФ» – «Жас Қыран» матчындағы жанкүйерлердің әрекетін қарады. Қонақ команда жанкүйерлері төрешілер алқасына бірнеше рет балағат және қорлайтын сөздер айтқан.

ДР-дің 64-бабы 2-тармағына сәйкес, «Жас Қыран» футбол клубына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл 22 мамырға дейін төленуі тиіс.

U16: «Каспий» құрамынан екі ойыншының алаңнан қуылуы

Freedom QJ League U16 1-туры аясындағы «Астана» – «Каспий» матчында қонақ команда тарапынан тәртіпсіздік тіркелді. Ойын барысында «Каспий» клубының екі футболшысы алаңнан қуылды.

ДР-дің 48-бабы 2) тармақшасына сәйкес, «Каспий» футбол клубына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Төлем мерзімі – 2026 жылғы 22 мамырға дейін.

U15 (А): «Ертіске» ескерту, «Астана» мен «Ақтөбеге» айыппұлдар

Freedom QJ League U15 (А) 1-туры аясындағы «Ертіс» – «Қайрат» матчында ойын ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны анықталды. Стадионда электронды табло болмаған.

ДР-дің 67-бабына сәйкес, «Ертіс» футбол клубына ескерту жасалды. Клубқа бұл кемшілікті келесі үй матчына дейін жою тапсырылды.

Осы турдағы «Астана» – «Каспий» кездесуінде екі бірдей оқиға тіркелді: жедел жәрдем көлігінің кеш келуіне байланысты ойынның басталуы 15 минутқа шегерілді, сондай-ақ алаңға бала жүгіріп шықты.

ДР-дің 63-бабы 1-тармағы және 37-бабына сәйкес, «Астана» футбол клубына 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұл 22 мамырға дейін төленуі тиіс.

«Ақтөбе» – «Ордабасы» матчында допқа ойнау мүмкіндігі болмаған жағдайда қауіпті дөрекі ойын көрсеткен «Ордабасы» футболшысы Жанторе Сеилхан тәртіптік жазаға тартылды. Оқиға Freedom QJ League U15 1-туры аясында орын алды.

ДР-дің 44-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, ойыншы үш матчқа шеттетілді. Шеттету мерзімі 2026 жылғы 20 сәуірден бастап есептеледі.

Сонымен қатар, осы ойында төрешілер алқасына бағытталған балағат сөздер үшін «Ақтөбе» жанкүйерлерінің орынсыз әрекеті тіркелді. ДР-дің 64-бабы 1-тармағына сәйкес, клубқа 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Төлем 22 мамырға дейін жүргізілуі қажет.

Бірінші лига: жанкүйерлердің алаңға шығуы үшін айыппұл

2026 жылғы маусымның Бірінші лига біріншілігінің 2-туры аясындағы «Ақтөбе М» – «Тараз» матчында жанкүйерлердің алаңға жүгіріп шығу фактісі тіркелді. Комитет бұл жағдайды матчты тиісінше ұйымдастырмау, қауіпсіздік ережелері мен Регламент талаптарын сақтамау ретінде бағалады.

ДР-дің 63-бабы 1-тармағына сәйкес, «Ақтөбе» футбол клубына 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұл 2026 жылғы 22 мамырға дейін төленуі тиіс.

Премьер-лига: ірі айыппұлдар мен жаттықтырушының шеттетілуі

2026 жылғы маусымның Премьер-лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионатының 6-туры аясындағы «Қайсар» – «Алтай Өскемен» матчында қонақ команда тарапынан тәртіпсіздік тіркелді: шығысқазақстандық клубтың бес ойыншысы ескерту алды.

ДР-дің 48-бабы 1) тармақшасына сәйкес, «Алтай Өскемен» футбол клубына 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Төлем 22 мамырға дейін жүргізілуі қажет.

Осы турдағы «Елімай» – «Астана» матчынан кейін «Елімай» клубына ойынның басталуы екі минутқа кешіккені үшін ескерту берілді. Санкция ДР-дің 67-бабы негізінде қолданылды.

Премьер-лиганың 4-туры аясындағы «Ордабасы» – «Атырау» кездесуінде Регламент талаптарының бұзылғаны анықталды: төрешілер бригадасының көлігіне стадион аумағына кіруге жағдай жасалмаған.

Матчты тиісінше ұйымдастырмағаны және Регламентті сақтамағаны үшін «Ордабасы» футбол клубына ДР-дің 67-бабы бойынша ескерту жасалды.

Комитет 6-турдағы «Ертіс» – «Жетісу» матчында «Ертіс» клубы тарапынан қайталанған бұзушылықтарға ерекше назар аударды. Стадионда ойыншы ауыстыруға арналған электронды табло істен шыққан, матч кезінде өрт сөндіру көлігі болмаған, көрермендерге тексеру жүргізілмеген және техникалық (қызыл) аймақ қағидалары сақталмаған.

ДР-дің 63-бабы 1-тармағы және 37-бабына сәйкес, «Ертіс» футбол клубына 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұл 2026 жылғы 22 мамырға дейін төленуі тиіс.

6-тур аясындағы «Қайсар» – «Алтай Өскемен» матчында жаңа бұзушылықтар тіркелді. Ойынның басталуы командалардың бірінің кеш шығуына байланысты төрт минутқа кешікті, ал жанкүйерлер алаңға бөгде зат – шырпы тұтатқыш (зажигалка) лақтырды.

ДР-дің 63-бабы 1-тармағы және 37-бабына сәйкес, «Қайсар» футбол клубына 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Төлем 22 мамырға дейін жүргізілуі тиіс.

«Атырау» – «Қызылжар» матчында петропавлдық клубтың жаттықтырушы көмекшісі Иван Евич матчтың ресми тұлғасына балағат сөздер айтқан.

ДР-дің 45-бабы және ҚФФ Этикалық кодексінің 2-тарауы 9-тармағына сәйкес, маман төрт матчқа шеттетілді. Шеттету мерзімі 2026 жылғы 20 сәуірден бастап есептеледі.

Комитет сондай-ақ 6-турдағы «Ұлытау» – «Тобыл» матчында «Ұлытау» клубы тарапынан қайталанған бұзушылықтарды қарады. Ойын алдында алаңға су себілмеген, медициналық пункт толық жабдықталмаған, ал техникалық (қызыл) аймақта бөгде адамдар болған.

ДР-дің 63-бабы 1-тармағы және 37-бабына сәйкес, «Ұлытау» футбол клубына 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұл 2026 жылғы 22 мамырға дейін төленуі тиіс.

Бізге қосылыңыз

Жеңіске бірге жетейік!

Telegram каналымызға жазылып, соңғы жаңалықтар мен нақты болжамдарды бірінші болып оқыңыз.

Жазылу

Басқа жаңалықтар

Болжамдар