Қазақстан футбол федерациясының әйелдер футболы департаментінің менеджері Наталья Горенко елдегі қыздар футболын дамытуға бағытталған балалар мен жасөспірімдер жобаларының ауқымды жаңартулары және алдағы жоспарлар туралы айтып берді, деп хабарлайды BOOKIE.KZ, сілтеме ҚФФ баспасөз қызметіне.
Оның айтуынша, өткен маусымда Zhuldyz League жаңа тұжырымдамамен іске қосылып, толық ребрендингтен өтті. Лига атауы мен логотипі жаңартылды, турнир құрылымы мен матчтар форматы қайта қаралды. Жарыстар A және B дивизиондарына бөлініп, онда 18 команда өнер көрсетті.
Биылғы жылы әйелдер футболындағы өзгерістер барлық жас санаттарын қамтиды. Әр жас тобы үшін жеке атауы мен даму міндеттері бар лигалар енгізіледі.
«2010-2011 жылдары туған ойыншылар үшін Zhuldyz League, 2012-2013 жылдары туған футболшы қыздар үшін Balgyn League, ал 2014-2015 жылдары туғандар арасында Umit League өткізіледі. Мұндай жүйе жас ойыншылардың дамуын және ұлттық құрамаларға іріктеу үдерісін неғұрлым тиімді құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Balgyn League өңірлік командаларды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ол осы жарыстар негізінде кіші жас санатындағы ұлттық құрамаларды дайындаудың вертикалі құрылатынын атап өтті.
«WU-15 ұлттық құрамасын құру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Balgyn League арқылы өңірлік командалар жасақталады, ал іріктеу элиталық балалар-жасөспірімдер футболы бөлімімен бірлесіп жүргізіледі», – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 5-тен 8 жасқа дейінгі қыздарға арналған, футболмен алғашқы танысуға бағытталған UEFA Playmakers жобасы дамуын жалғастыруда. Бұл бағдарлама Еуропа футбол қауымдастықтары одағының арнайы бастамасы болып табылады.
«Өткен жылы жоба „Алтай“ футбол клубымен бірлесіп жүзеге асырылды, соның аясында үш күндік семинар өткізілді. Онда дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен жаттықтырушыларға қыздармен жұмыс істеудің жаңа әдістері таныстырылды. Соңғы күні 5-8 жастағы қыздар футболмен алғаш рет танысқан практикалық сабақ өтті. Биыл біз жобаны кеңейтіп, UEFA Playmakers бағдарламасы бойынша қыздар футболмен танысатын 5-тен 10-ға дейін жаңа орталық ашуды жоспарлап отырмыз», – деп қосты Наталья Горенко.
