Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының спорттық менеджері Айжан Кенжина алдағы Қазақстан әйелдер чемпионаты жаңартылған регламент бойынша өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BOOKIE.KZ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Дирекция өкілінің айтуынша, жаңа маусым еліміздегі әйелдер футболы тарихындағы ең ауқымды әрі маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Турнирге 19 команда қатысады, олар екі конференцияға бөлінген: А конференциясында 9 клуб, В конференциясында 10 клуб өнер көрсетеді.
Алдын ала кезең ойындары екі айналымдық жүйе бойынша өтеді. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша әр конференциядан алғашқы екі орын алған командалар жартылай финалға, одан кейін чемпиондық атақ сарапқа салынатын финалға жолдама алады.
Кенжинаның атап өтуінше, қатысушыларды конференцияларға бөлу кезінде командалардың спорттық қағидаттары мен қазіргі деңгейі ескерілген.
«Ағымдағы маусым отандық әйелдер футболы тарихындағы ең ауқымды әрі қызықты кезеңдердің бірі болады. Конференцияларға бөлу спорттық принцип негізінде жүргізілді. Біздің басты мақсатымыз – тек чемпионды анықтау ғана емес, сонымен қатар таланттарды дамыту мен ашуға жағдай жасайтын тұрақты кәсіби орта қалыптастыру», – деді Айжан Кенжина.
